Пралиев Жадыгер Болатович
Сот биология бөлімінің сарапшысы
Қазіргі таңда қылмыстарды ашу мен тергеуде заманауи ғылыми әдістерді қолданудың маңызы зор. Солардың бірі – сот-биологиялық (медициналық) сараптама. Бұл сараптама қылмыс болған жерде қалған биологиялық іздерді зерттеу арқылы оқиғаның мән-жайын анықтауға және қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді.
Сот-биологиялық сараптаманың негізгі зерттеу нысандарына қан, сілекей, шаш, тер-май, шәует және басқа да биологиялық объектілер жатады. Сарапшы зерттеу барысында алынған биологиялық іздердің табиғатын, олардың адамға немесе белгілі бір биологиялық объектіге тиесілілігін анықтайды. Қажет болған жағдайда ДНҚ-зерттеу әдістері арқылы биологиялық материалдың нақты тұлғаға тиесілі болуы ықтималдығы анықталады.
Қылмыс болған жерден табылған қан іздерінің де тергеу үшін маңызы ерекше. Мысалы, қанның орналасуы мен сипатын зерттеу оқиғаның қалай болғанын түсіндіруге, жәбірленуші мен күдіктінің арасындағы байланыстарды анықтауға және заттай дәлелдемелерді оқиғамен байланыстыруға көмектеседі. Сонымен қатар, биологиялық іздерді салыстырмалы зерттеу арқылы әртүрлі заттардан алынған үлгілердің бір тұлғаға қатыстылығын анықтауға болады.
Сот-биологиялық сараптаманың нәтижелері қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді жинау мен бағалауда маңызды орын алады. Алайда сарапшының қорытындысы басқа да дәлелдемелермен бірге бағаланып, істің барлық мән-жайларымен өзара байланыста қарастырылуы тиіс.
Қорытындылай келе, сот-биологиялық сараптама қылмыстарды тергеуде ғылыми негізделген және объективті ақпарат алудың маңызды құралы болып табылады. Биологиялық іздерді дұрыс алу, сақтау және зерттеу қылмыстың мән-жайын анықтауға, тұлғаларды сәйкестендіруге және істің объективті тергелуіне елеулі ықпал етеді. Сондықтан сот-биологиялық зерттеу әдістерін жетілдіру құқық қорғау органдарының қылмыстарды ашу және тергеу тиімділігін арттырудың маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Қазіргі таңда, Қызылорда облысы бойынша Сот сараптамалары институтында Сот-биология бөлімі жоғарыда көрсетілген жұмыстарды жүзеге асыруда. Сот-биология бөлімінде арнайы білімі мен практикалық тәжірибесі бар білікті сарапшылар қызмет атқарады.Сонымен қатар тәжірибелі сарапшылардың жас мамандарға практикалық білім беруі, кәсіби дағдыларын қалыптастыруы сот сараптамасы саласының сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.