Өмірі өнер шыңдағы қос алып

Сәуір айы — сезім мен сағыныштың, сыр мен сұлулықтың айы. Биыл қазақ поэзиясының қос бірдей көрнекті өкілі — «Қос қанатты ақын» (Ғ. Қайырбеков) атанған Шөмішбай Сариев пен қара өлеңінің ақ гүлі Күләш Ахметованың 80 жылдық мерейтойлары. Осыған орай А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет Үйінде «Сәуір. Сезім. Махаббат…» атты поэтикалық-сазды кеш ұйымдастырылып, көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.

Өзіндік өрнегімен, айрықша үнімен дараланған  Шөмішбай Сариев – ұлттық сөз өнерінің көгінде еркін самғаған тұлғалардың бірі. Оның жанды тебірентетін лирикалық жырларынан бөлек, әнге жазған мәтіндері де ел арасына кең тарап, халықпен бірге тыныстауда.

Ал Күләш Ахметова ұлттық поэзияға өзгеше леп әкелген қаламы қуатты, өлеңі шуақты, әдебиетіміздің шоқтығы биік қаламгер болды. Оның өлеңдері Сыр аспанында қалықтап, елдің сағынышын басқандай болды. Ақын сырлы өлеңдерінің бірінде:

Ақ босаға аттадыңдар сәтті күн,
Сезіп тұрмын сезімдердің пәктігін.
Көктемдегі дариядай тасысын
Көптен күткен қуанышым, шаттығым.
Той-думанға шөлдеп қалған екен ел,
Орындалсын айтыстар мен жеке өнер.
Телқозысын тең әлпештеп бүгін бір
Тебіреніп сөйлесінші әкелер!
Ынтымақсыз өнер алға тарта ма,
Бір көріңдер — тағдыр жүгін арта ма,-деген жоқ па. Ал Шөмішбай ақын:

Халқым жайған тамырын,
Топырағым құнарлы.
Елім тауым, алыбым,
Көңілім күмбез мұнарлы.
Қолдан келсе жұмақты,
Орнатар ем басыңа.
Сөйлетер ем қуатты,
Тіл бітіріп тасыңа, туған жер.

Бәйтеректей өрде өсер,
Жапырақты жаяйын,
Туған жерім сен десем,
Сенен нені аяйын?!
Сенен нені аяйын, туған жер!
Қолдан келсе ғұмырын,
Ұзартар ем адамның
Тағдырына жырының,
Айналар ем даламның, туған жер!

Қолдан келсе барымды,
Алдарыңа саялы ел,
Жүрегім мен жанымды,
Дастархан ғып жаяр ем.
Баба далам қария,
Қолдан келсе, ұлы елім,
Көңіл шалқар дария,
Жасартар ем жүрегін, туған жер! Деп әнге ораған. Қос ақынның кешінде әнде әуеленді, жырда оқылды, сыр да бөлісілді. Махаббатқа ораған арайлы кеш аспанға өлеңнен шашу шашып жатты.

Жастарға өнеге болар қос ақынның шығармашылығын дәріптеуді мақсат еткен шараның 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күніне орай өтуі де заңды құбылыс. Кеш бойы қос ақынның махаббат тақырыбындағы нәзік жырлары оқылып, олардың сөзіне жазылған әсем әндер көрермен жүрегіне жол тартты.

Шара жүргізушісіз ұйымдастырылып, поэзия мен әсем әндер бірізділікпен ұсынылып отырды. Бұл формат көрерменге бейне бір кәсіби түрде монтаждалған телевизиялық концерт көріп отырғандай әсер сыйлады.

Кеш бағдарламасы мазмұнды әрі әсерлі нөмірлерге толы болды. Айта кету керек, бұл шарада орындалған әндердің басым бөлігі ақын Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған туындылар болса, ал Күләш Ахметованың сырлы да нәзік поэзиясы сахна төрінде жиі оқылды. Поэзия мен музыка үйлесім тапқан кеште өнерпаздардың өнері көрермен көңілінен шықты.

 

Ибрагимов Дильшат,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

журналистика мамандығының 4 курс студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *