Күту залының жайлылығы – жолаушыға деген құрмет емес пе

Соңғы жылдары Қызылорда теміржол вокзалы жаңаша сипат алып, келбеті айтарлықтай өзгергені қуантады. Ғимараттың сыртқы көрінісі жаңарып, ішкі тазалығы мен тәртібі жақсарды. Жарықтандыруы реттеліп, жолаушыларға арналған қызмет көрсету сапасы да бұрынғыдан әлдеқайда ілгеріледі. Бұл – өңір тұрғындары мен сапарға шыққан қонақтар үшін жағымды жаңалық.
Дегенмен, жаңарған вокзалдың күту залында әлі де бір мәселе сезіледі. Ол – жайлы орындықтардың жетіспеуі. Қазіргі таңда залда тұрған темір орындықтар ұзақ уақыт отыруға қолайсыз. Әсіресе сапардан шаршап келген немесе пойызын бірнеше сағат күтуге мәжбүр жолаушылар үшін бұл үлкен қолайсыздық тудырады. Суық темір астыңнан ызғар өткізіп, арқаны тоңдырып, жайлылықтан гөрі шыдамдылықты талап етеді.
Бүгінде еліміздің бірқатар вокзалдарында жұмсақ қаптамалы, экобылғарымен жабдықталған заманауи көп орындықты скамьялар орнатылып жатыр. Мұндай орындықтар эстетикалық жағынан да, қолайлылығы жағынан да тиімді шешім екені байқалады. Олар күтуші жолаушыға аз да болса тынығып, жолға сергек шығуына мүмкіндік береді.
Мысалы мына суреттегі күту залына арналған скамейкадағы әр орын жұмсақ қаптамамен жабылған, ол адам денесіне ыңғайлы, ұзақ отыру кезінде де қолды ауыртпайды. Жұмсақ қаптама экобылғары немесе оның аналогымен жасалған, бұл комфортты қамтамасыз етеді — салқын немесе қатты темірден айырмашылығы, адам арқасы мен аяқтарын тоңдырмайды, жолсерік немесе жолаушы ұзақ күту кезінде де дем ала алады. Эстетикалық тартымдылық қосады — заманауи интерьермен үйлесіп, күту залын көріктендіреді. Төзімді және күтімге оңай — экобылғары ылғалдан қорғайды, сүрту арқылы тазалау жеңіл. Сонымен қатар, скамейканың ұнтақталған металдан жасалған қаңқасы мен перфорацияланған 1,2 мм болаты ұзақ мерзімді пайдалану мен ауа айналымын қамтамасыз етеді. Хромдалған шынтақ тіректері, қауіпсіз жиектері мен реттелетін аяқтары бар, бұл орындықты тұрақты әрі қауіпсіз етеді. Айта кететін жайт, Satu.kz сайтында бір скамейка бағасы 85 000-90 000 теңге, бұл вокзал қаржысына қиын емес шығын деп ойлаймыз.
Вокзал – қаланың айнасы. Оған келген әрбір адам ең алдымен осы орта арқылы өңір туралы алғашқы әсерін қалыптастырады. Сондықтан күту залының жайлылығы – тек тұрмыстық мәселе емес, бұл – қызмет сапасының көрсеткіші. Осы орайда Қызылорда вокзалының басшылығынан күту залына заманауи, жұмсақ қаптамалы орындықтар орнату мәселесін қарастыруды сұраймыз. Вокзал жаңарып, жаңаша сипат алған екен, енді соған сай жолаушыға жайлы орта да толық қамтамасыз етілсе деген тілек бар.

Ирина АҚМЫРЗАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *