Сыр даласында асарлардан бастап, қорғандар, мазарлар мен кешегі мешіт медіреселерге дейін есептеген не түрлі тарихи жәдігерлер бар. Өкінішке орай олардың дені қам кесектен салынған соң жыл өткен сайын еріп, күн мен жел қағып жоғалып барады. Соның бірі бүгінде дария ағысымен бірге ағып жоқ болған Қорқат-атаның кесенесі еді. Дария жағасында тұрған ол дария ағысымен құлаған жар астында қалып, ақыры ол да ағып кетті. Енді Қорқыт бабамы көрмек болып жүгірген Қырық қыздың биіттері бар. Олар да жыл өткен сайын тазып, үгітіліп жатыр. Әсіресе жаңбырдың залалы өте күштірек болуда.
Далалықтағы тарихи жәдігерлердің қасына «Мемлекеттік қорғауға алынған» деп ғана тақтайшамен жазып қою мемлекеттің еш әрекетсіздігін көрсетуде. Дамыған елдерде мұндай жәдігерлерді көздің қарашығында сақтап, жоғалып кетпеудің барлық тәсілдерін жасауда. Ал, бізде бейжайлық басым. Сондықтан суретте көрсетіліп тұрған «Бұланды 2» күмбезді кесенесі секілді өзге де кесенелер мен мешіттерге және өзге де жәдігерлерге жаңбыр мен күнге төтеп беретін осындай шатыр салу керек. Бұл Қармақшы ауданы, Қуаңдария ауылынан оңтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан екерткіш. Өте ескі күмбез.
Аталған жәдігерге салынған шатырға жұмысымен қоса есептегенде 4 млн. теңге қаржы жұмсалған. Сондықтан жәдігерлерді осындай аз қаржымен шатырлау керек. Болмаса біздің биліктің тендері белгі ғой. Осы 4 млн. теңге кеткен шатырды 40 млн. теңгеге жасайтыны сөзсіз. Бұлай мемлекетке де, тарихқа да қиянат болмай, қасиетті орындар көздің қарашығындай сақталса дейсміз.
Айлуна Жаңабергенова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының 4 курс студенті