Америкаға ақыл, Қытайға кеңес, Орысқа ой сатайық

Пай-пай-пай, әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз кілең білімдер. Ел болуы үшін олай етуіміз керек, былай жасауымыз керек, әлемді бағындыру үшін андай етпей ме, мындай етпей ме деп көкейтіндер өте көп. Құдай-ау сылдыр сөзден сары май алып, бос сөзден быламық жасайтындардың қолына бірдеңе берсең бұтын ластап қойған баладай бықырай отырып қалар еді. Амал не кілең ақылбастардың заманы болып тұр.

Ана Қазыбек бидің айтатыны бар ғой, «Біз қазақ деген мал баққан елміз, Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз» демейді ма. Сол сөзі кері қазір. Мал баққандар аз, есесіне әркімге бір соқтығысып, саясатты сапырып, көбік ақылын гәпіріп соқтығысатындар көп.
Сосын би атамыздың «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, Басынан сөз асырмаған елміз» деген сөзі нақ осы кезге келеді. Қазақ тіліңнің жайы анау, орыс тілі мен ағылшын тілі басынып алды. Өзге ұлт өкілдері төбемізде әңгіртаяқ ойнатып жүр. Қарсы қыңқ деуге әлі кемейтін, тілі үшін алаңға шығып, ашық қарсылық білдіре алмайтындар, ойпо-о-о-ой әлем желіде әлем жәлем болып жатады да. Егер солар мықты болса димін де, өкімет үйінің алдына барып наразылық жасар еді. Оған рухы жетпейтін сорлылар рухани дүние айтатынын қайтерсің, Би көкем айтқандай сөзді тек желіде бастан асырмаймыз.

Бәрін қойшы. Мен мынандай бір байламға келдім. Әлемжелідегі ақылбастардың барлығын жинап алып, бір одақ құру керек. Сол одақтың ішінен ақыл шығаратын, ой өндіретін, кеңес дайындайтын зауыттар салайық. Сөйтіп, Америкаға ақыл, Қытайға кеңес, Орысқа ой сатайық. Міне, сол кезде шекеміз шылқы-ы-ы-ып өмір сүреміз де.

 

Айлуна Жаңабергенова,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

журналистика мамандығының 4 курс студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *