Наурыз мерекесін тойлау қайдан шыққан. Мұны ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Дегенмен осы мерекеге қатысты аңыздар бар. Сондай бір аңызда …Наурыз деген тұқымсыз кеткен ақсақалды еске алу үшін көктемде ел жиналып ас береді екен. Қазан көтерер тұқымы болмағандықтан ортақ қазан қойып, оған әркім бір-бір уыс дән мен бір бір кесе сүт құйады екен. Содан бері наурыз көже түрлі астан пісірілетін болыпты.
Енді бұл аңыздан да әріге құлақ түрсек. Нух пайғамбардың кемесі Қазықұрт тауының басына 21 наурыз күні таң ата келіп тоқтапты-мыс. Ертеңіне кемедегілер жерге түсіп қазан асып, кеменің ішіндегі барлық азықты әкеліп қазанға салыпты. Әртүрлі дәннен жасалған тамақ керемет тәтті болыпты. Барлығы тоя жепті. Сол жылы адамдар тоқ болыпты. Сондықтан қазірдің өзінде наурыз көжеден тойып же, жыл бойы тоқ боласың деген ырым қалыпты.
Наурыз мерекесін жоққа шығарушылар осы «Наурыз көжені тоя ішу керек. Сонда жыл бойы тоқ жүреді, елге береке кіреді» деген сенімді «31 желтоқсан күнгі түнді ұйықтамай өткізу керек. Ұйықтап қалсаң жыл бойы ұйықтап жүресің» деген негізсіз ырыммен шатастырып алған секілді. Олай болса, наурыздың салтынан діни сенім іздегендерге осы бір наурыз көжені тойып жеу жайында көнекөздердің әңгімесіне сүйене отырып түсіндірген журналист – дәстүртануш С. Алдашбаевтың пікіріне жүгінсек.
Ортақ асылып жатқан қазанға қолында барлары, байлары молдау азық салуы мүмкін. Енді біреулері аз салу ықтимал. Тіпті, біреулері жоқтықтан мүлде ештеңе сала алмай қалады. Ас піскен соң дәнді көп қосқан адам еш қысылмастан тойып тамақтана алады, ал аз салғандар көп жей алмайды. Мүлде салмағандар ауыс тиуге де ыңғайсызданады. Міне, осы теңсіздікті болдырмау үшін «Наурыз көжені кім болса да тоя тамақтанса, сол адам жыл бойы тоқ жүреді, сол елге береке келеді» деп көңілі жүдеу жандардың қымсынбай ас ішуіне жағдай жасаған. Егер сол жерде аз салғандар да тойып ішсін, көп салғандар да тойып ішсін десе теңсіздікті бетке басқан болар еді. Мүлде ас салмағандар садақа асын ішіп жатқандай сезінер еді. Ал, қандайда бір ырым, сеніммен жеткізсе адамдардың көңілінде қаяу болмайды. Бұл ас бай мен кедейді теңдестіретін, ағайынды сүннет амалы бойынша бір болғызатын ас. Тек бертін келе бұның негізгі мәні ұмытылып, тек амалы ғана ырымға айналып, ел есінде «Барлық адам тоя тамақтану керек, осы күні тойып тамақтансаң жыл бойы тоқ жүресің» деген ырым болып қалып отыр. Сондықтан, Наурыз мерекесінің астарынан діни ұғым іздеп, оны жат діннің мерекесі деуге болмайды дейді дәстүртанушы.
Сонымен қатар наурыз көжені тоя тамақтанған жастарға бұлақ көзін аштырған, тал еккізге, табиғатты тазалаттырған. Ол үшін қүш-қуат керек емес пе? Көжеге тойған жастарды қоғамдық жұмысқа сол кезде-ақ тартқан.
Ибрагимов Дильшат,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының 4 курс студенті