Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері «БЖЗҚ» АҚ-ның қызметімен танысып, тәжірибеден өтті

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Экономика және құқық» факультеті, «Қаржы» және «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша 1-курс студенттеріне «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалында оқу-тәжірибелік жұмыстар өткізілді.

Шараның басты мақсаты — болашақ экономистер мен қаржыгерлердің теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыру және еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеу қағидаттарымен таныстыру.

Филиал директоры Арнұр Дәденұлы Құрманғали университеттің кафедра меңгерушісі Айгүл Әкімжанқызы Мәкенова бастаған бір топ студентті Қордың негізгі қызметі, қаржы нарығындағы рөлі және цифрлық жобалары туралы хабардар етті.

Оқу-тәжірибелік сабақ барысында студенттер келесі бағыттармен танысты:

  • Есеп және аудит: Зейнетақы активтерінің есебі мен ішкі бақылау жүйесі.
  • Қаржылық сауаттылық: Зейнетақы жинақтарын қалыптастыру және инвестициялық кіріс құрылымы.
  • Мемлекеттік қызметтер: Салымшыларға көрсетілетін қызмет түрлері мен БЖЗҚ мобильді қосымшасының жұмысы.

 

Филиал мамандары студенттерге арнайы экскурсия ұйымдастырып, бөлімдердің күнделікті жұмыс барысын көрсетті. Тәжірибе соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, алған әсерлерімен бөлісті. Мұндай іс-шаралар жоғары оқу орны мен жұмыс берушілер арасындағы тығыз байланысты арттырып, студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдауға зор септігін тигізеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *