Дін ислам келгенде Аллаға деген құрмет үшін Абуғаппар, Дінмұхаммет, Омар, Оспан деген ұлық есімдерді қойды. Бұл есімдер бала тағдырына әсер етіп, қазақтан қанша ғұламалар мен данышпандар шықты. Ал, кешегі зобалаң заманда жерімізге ауыл келген өзге өкілдерінің құрметі үшін олардың да есімдерін балаларымызға қоя бастадық. Мәселен Света, Анна, Клара, Жанна, Райса секілді есімдерді жер ауып келген ұлт өкілдеріне құрмет үшін қойса, Кеңес өкіметі үшін Советхан, Руслан, Роман, Орысбай, Шешенбек, Кәрісбай, секілді аттарды қойды. Қуғын сүргін заманында шетел асып барған қазақтар да сол елдің тұлғаларының есімдерін балаларына берді.
Бұның барлығы өзге ұлтқа құрмет, достығының белгісі болатын. Алайда, біздің жерге келіп, суымызды ішіп, асымызды жеп, панамызды көрген өзге ұлт өкілдері сыйға сый көрсетіп, балаларының есмін қазақша қойып жатқандары өте аз. Тіпті, жоқтың қасы десек те болады. Тек түрік тілдес бауырларымыз ғана көңіл қуантуда.
Шын достығы мен құрметі болатын болса неге осылай діліне кіргізіп, болмысымен құрмет етпейді екен деген ойға кетемін. Шынында қай орыс, қай кәріс пен қай ұйғыр Жұмабай, Қазақбай, Жәнібек, Қазабек деп ат қойыпты. Бұдан кейін қазақтарды жақсы көреміз, Қазақстан біздің ортақ отанымыз деген сөздеріне қалай сенесің.
Бұл ұлтараздақты тудырып, ел ішіне іріткі салу емес. Ұлт ретінде, адам санатында өз ойымызды айта алуымыз. Болмаса қанға сіңген қорқақтықтың кесірінен қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне сөйлеттіре алмай жүрміз. Кейде орыс, кәріс өкілдерінің халыққа қызмет көрсету орындарында тұрып, қазақша сұрағыңа «қазақша білмеймін» деп менсінбей тұруы ұлттар достастығына сызат түсірмей ме? Әлде жалтақ, қосүрей қазақ қоғамына үстірт қарауы ма екен?
Достық үйін құрып, алғыс айту күнін белгілеп, халық кеңесі ұйымы арқылы мандат беріп отырған қазаққа шын пейілі болса осылай да білдірер еді-ау. Тілге жеңіл ризашылықтар мен алғыстарына да ризамыз, бірақ олар да бізге ризашылығын біз секілді білдірсе дейміз.
Өтеп Айгерім
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 4 курс студенті