Құрдымға кеткен құнар

Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды. Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.

Шынында тың игереміз деп жүріп қанша құнарлы жерге су шығарып, шүйгінді жеріміздің шырайын солдырды. Соның салдарынан тоғайымыз сиреп, жерімізді тұз басты, сор ашты. Еліміз егемендік алғаннан кейін оңалту бағытында қанша жұмыстар жүріп жатса да, ысырапшылдық ырық берер емес. Айталық, аң аулаушылар шамадан тыс киіктерді қырды, қоян құсты аулады. Көлдерге тоқ ұрып балақ ұстады. Сексеуіл ағашын заңсыз сындырып жатқандар да жоқ емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп алдымызғажоспар қойдық. Бірақ аңшылар дала тағылдарын қырып барады.

Президентіміз Қ. Тоқаевтың кешегі жолдауында табиғатты аялау жайлы айтылды. Бұл жай ғана шықан тапсырма емес. Себебі, табиғатты біз аяламасақ, табиғат бізді аямайды. Сол үшін аңшы мылтығын сататын дүкендерді шектеп, аң аулаудың барлық түріне он жылға маратори жариялау керек деп есептеймін.

Қазір елде 132 түр жойылу қаупінде тұр, кейбір деректерде 300-ден астам аң мен құс түрі жоғалып кетуі мүмкін деп айтылады.  Мыңдаған заңсыз аңшылық фактілері тіркелген және  4000-нан астам адам жауапкершілікке тартылған. Бірақ бұл қырылып жатқан аң құсты қайта өмірге әкеле алмйды ғой. Осыған орай аңшылармен де тілдестік. Сонда олар қазірде қоян қырғауылдар жақын маңайда қалмады деп зар қағады. Сол үшін аң аулаудың барлық түрін он жылға тоқтату керек деген ұсынысымды назарға алса деймін.

 

Өтеп Айгерім

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығының 4 курс студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *