Базарға бардым. Аралап жүргенімде базардағы көріністерден әзілкеш Қанат Әлжаппаровтың айтқан әзілі есіме түсіп кетті. Ол бір әзілінде «Ағайын біз Америкадан 100 жылға, Жапон елінен 80 жылға, Кәріс елінен 60 жылға артта қалып қойдық. Олар біз секілді мұнай, алтын, мырыш, газ сатып дамып жатқан жоқ. Олар басы істейтін адамдарды қолдап қолдап, жаңа технологиялар шығарып, электрониканы дамытып, сұраныстағы өнімдерді шығаратын машиналар жасап, сонымен дамып жатыр. Біз болсақ кері кетіп бара жатырмыз. Осылай кері қарай кете берсек бір күні таспен от жағып отыратын шығармыз» деген болатын.
Расында базарды аралап жүріп бірде бір өзіміздің өнімді таппадым. Қыл аяғы инеге дейін қытай шығарып беріп отыр екен. Пласмас құман легендер өзбектікі, киімдер қырғыздікі. Былғары аяқ киімдер Түріктікі. Өткенде бір қазақ «Түркияға тері өнімін өңдеуді қазақтар апарған. Елімізден қуғын сүргінмен кеткен қазақтар бармағанда бұл кезде Түркия теріден байй алмас еді» деп көкіп отыр.
Осы біз бес жасар баланың әңгімесін қашан қоямыз. Атқа мінуді қазақтар ойлап тапқан, арбаны бабаларымыз дүниеге әкелген, ананы сақтар тапқан, мынаны ғұндар тапқан деп тақылдай беру ұят емес пе? Бабамыз ойлаптапқыш болатын болса сен неге олақсың. Ал егер Сақ бен Ғұн біздің шыққан жеріміз болса, біз соларға ұқсаған болсақ, олар да ештеңе ойлап таппайтын, тек шетелден байлыққа сатып әкеле беретін болған шығар.
Қытайдың, Жапонның мектептерінен ғылым басталады дейді. Егер кері кетіп бара жатпасақ мектептегі ғылыми жұмыстарды айтыңдаршы. Адамның жеке өмірін зерттеуден басқа нені дүниеге алып келіп жатырмыз. Балаларды құр мақтанға емес, ғылым таппаққа баулиық.
Ибрагимов Дильшат,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының 4 курс студенті