Жұмысшы мамандық жылында жұмысшылардың бүйірі шықты ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бірақ жұмысшы мамандық иелерінің атағы асқақтағанын көре қойған жоқпыз. Жолдаудан кейін бірлі жарым адамды марапаттап, құрмет биігіне шығарды. Бірақ, ол көп ұзамай жолдаумен бірге қайнаған судай тез суып қалды. Мәселен кешегі жылдың үздіктерін қортындылаған жиында ылғи мекемеде отыратындар, танымал жандар, алғыс хат пен марапатқа көміліп жүрген көзкөргендер ғана марапатталып жатты. Ал, ауылдағы нағыз қара жұмыста жүргендер тағы да тасада қала берді. Сонда жолдауда жыл арнап керегі жоқ ау деп ойладық. Мысалы ауыл жылы дегеннен ауылдың бүйірі шыққанын көрмедік. Жастар жылы деп белгілегенде де белсенді жастардың ұпайын түгендегені болмаса жастар жылы солай болып еді деп ештеңе есте қалмапты. Міне, жұмысшы мамандықтар жылы да дәл солай биліктегілердің айы оңынан туған жыл болып шыға келді.

Мәселен айлығымызды көтеріңіздер деген мұнайшылардың мұңын кім тыңдады. Айлығымыз аз деп тазалықшылардың үнін сол кезде өшірген жоқ па. Айлығымызды ала алмай жүрміз деген бір құрылыс компаниясының жұмысшыларының өзін кінәлі қылып жіберді. Осы ма жолдау, осы ма жұмысшы мамандықтар жылы.

Президент жолауында: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деді. Бірақ кәсіптің білім беретін колледждер сол баяғы жартас болып тұр.

Тағы да жолдауда: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді. Не насихат жасады? Жұмысшылардың мәртебесін көтеретін Заң шықты ма әлде қағидат қалыптасты ма. Болмаса жұмысшылардың жұмысын жеңілдететін техникалар мен технологиялар әкелінді ма. Еш нәтиже жоқ. Одан әрі:

«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді».

Жолдауды бетке ұстайтын билік те, оны жаттап, талап ететін халық та жоқ. Ендеше жолдау керек пе бізге, әлде жол көрсетер бағдар жоқ болып отыр ма? Жолдауды қолдау дейтін топтарда соңғы жылдары бәсеңсіп қалды. Сондықтан осы бір керексіздікті тұлғалар мәселе етіп қозғап, «Президент мырза, енді халыққа жолдау жасап керек емес» деп тоқтату керек іспетті. Бірақ бізде ақшаға сатылған сатқын тұлғалардан басқа шындықты шырылдап тұрып айтатын кім бар дейсіз? Сол үшін диван батырлар әлем желіде шулап, жолдау жасатпау керек. Жоқ, жолдау болмаса болмайды дейтін болса, онда жолдауды халыққа емес, билікке қарап айтсын. Сонда ел билдіктен талап етеді. Мәселен «Президенттің мемлекеттік қызметкерлерге жолдауы» деп айтылсын. Болмаса биліктегілер «Жолдау бізге емес, халыққа жолданып отыр. Онда сол жолдауды халық жүзеге асырсын» деп қолын бір сілтитін секілді көрінеді маған.

Бірді айтып бірге кетеміз-ау. Болмаса әңгімеміз жұмысшы мамандықтар жылы жұмысшылардың бүйірі шықты ма деген сұрақ қой. Мұны әр саланың жұмысшыларынан сұрадық. Сөйтсек жұмысшы мамандардың дені «А, иә, осы 2025 жыл жжұмысшы мамандық жылы болып белгіленді е» деп еске түсірісіп жатты. Бұл жолдаудың нәтижесі деген сөз.

Әңгімеміздің аяғын тағы сол жолдаумен аяқтасақ. «Жұмыстың жаманы жоқ, кез-келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», — деді президент. Қайтейін…

 

Ирина Ақмырзаева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *