Ұлттық мұра — ұлылық

Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі және «125 YBYRAI ULTTYQ MEKTEBI» мектебінің ұжымы мен  «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен  бірлесе ұйымдастырды «Ұлттық мұра — халықтың асыл қазынасы» атты тағылымды кеш өтті. Өткен мен бүгінді жалғаған, ұрпақтар сабақтастығын тереңінен ұғындырған бұл шараның мақсаты жастарға рухани құндылықтарды сіңіру болды.

Бұл кездесу тек мәдени іс-шара ғана емес, ол — ұлттың жадын жаңғыртып, сананы серпілткен рухани алаң. Ата-бабадан аманат болған салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жас буынның бойына отансүйгіштік, адалдық пен еңбекқорлық сынды асыл қасиеттерді сіңіруге бағытталды.

Кеш барысында әуелеген ән мен күмбірлеген күй халықтың рухани тамырын тереңнен қозғап, ұлттық өнердің мәңгілік екенін тағы бір дәлелдеді. Ал асық ату, қол күрес, арқан тарту секілді ұлттық ойындар — тек бәсеке емес, қайсарлық пен бірліктің, намыс пен жігердің көрінісіне айналды. Бұл шара тек спорттық сайыстармен емес, көнекөздердің үлгілі әңгімелерімен де ерекшеленді. Шара барысында асық  және ойыны мен ырымдары насихатталды. Мысалы асық — қазақ халқының, ырымдарында қадірлі мал сүйектерінің бірі. Асық атаулары:

Құлжа — арқардың аталығының асығы

Сақа — арқардың асығы

Жабайт – еліктің асығы

Асық — қой мен ешкінің асық жілігінен

Шүкімайт — қозы мен лақтың асығы

Келін екі қабат болғанда қазақ халқында, келіннің енесі не атасы ырымдап асық жинаған. Атаның құдай ұл берсе деп тілегені. Оны жасырып оңаша келінге сездірмеуі мүмкін. Ондағы ойлары көз тимесін, келін аман-есен, босанса екен деп тілек тілеуінің бір тәсілі. Ер баланың бесігіне қасқырдың асығын, тырнағын тағуы мүмкін, ауырмасын-көз тимесін және айбатты, қайтпас қайсар, болсын дегені. Қыз баланың бесігіне- еліктің асығын, әдемі сұлу ел қызығар көркі болсын дегені. Ерте кездегі табиғаттың қатал, аңдардың олжаға оңай ілікпейтіндігін, аңшының адал еңбегі, ер азаматтың қайраты мен жау жүректілігі екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да аңның асығы қадірлі болады.

Асық ойынында асықтың берекесі де, басшысы да «сақа». Асықтарды атқанда сақамен көздейді. Бас бармақпен сұқ саусаққа қысып ұстап жоғары сілкіп, салмақтап айландырады. Айландырып тұрған сақаны сағаттың тіліне қарсы иіріп атады. Ірі әрі салмақты иіріліп тиген сақа асықтарын бірнеше домалатады. Шебер иіріліп атылған сақа, асыққа тигенде 10 сантиметрден 150 сантиметрге жерге дейін ұшырып жібереді.

Асықты иіріп тастағандағы жатысы бес түрлі аталады. 1. Ең сәтті тұрғандағы атауы «алшы». /барлығын бірден ұтасың / 2. Төңкеріліп тұрғаны тәукі /тәуекел мағанасы/ (тәйкі) 3. Етбетінен жатқаны «бүк» /бүк түсіп жату/ 4. Шалқасынан түскені «ішік» /іші көрініп жатуы/ 5. Егер еңкейіп, тұмсығымен тік қадалса «омпа» /омақа аса құлаған/ 6. Таза тұрмай — алшы тұрғаны қисайып, не тәукі қисайып тұрса «қырта» дау туғызатын /қырынан жату/ деп аталады,-деді шарада сө алғандар.

Жиында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай мен Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Еркін Ертуғанұлы сөз сөйлеп, ұлттық мұраны сақтау — ұлт болашағына жасалған инвестиция екенін атап өтті.

Кеш қорытындысында ұлттық ойындар мен сайыстарда топ жарған қатысушылар «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалының Алғыс хаттарымен және Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Ұлттық мұра — өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың бағдаршамы. Оны сақтау — әр қазақтың парызы, ұрпақ алдындағы аманаты.

 

 

Айлуна Жаңабергенова,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

журналистика мамандығының 4 курс студенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *