Қадір түні, ғайып Қызыр және Қыдыр ата немесе Имамдар неге иланбай жүр?

Бүгінгі имамдарға «Аталарымыз Қызыр көрген екен. Ол жайлы не дейсіз» десең олар самарқау қабылдап бұл түс болуы мүмкін, не жынның ісі шығар дейді. Болмаса бұл дәлелді іс емес, аңыз не хисса ғой деп оған назар аудармайды. Сонда діннің ілімін алған бабаларымыз бұл тылсымға қалай сенген. Ел ішінде Қызыр көрген адамдар жайлы аңыздар өте көп.
Мәселен Асан қайғы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бұқар жырау, Төле би, Қабанбай батыр, Домалақ ана, Марал ишан, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сынды тұлғалар Қызыр бабамен кездескен десіп жатады. Егер бұл рас болса неге бүгінгілер кездеспейді ал деп қоясың тағы да. Оның үстіне Араб, парсы еліндегі үлкен кітапханалардан тың мәліметтер алып отырған дін ғалымдарының бірде-біреуі Қызырдың адамға көрінетіні туралы деректер тапқан жоқ. Егер ондай мәлімет табылып жатса халықтан жасырмайтыны ақиқат.
Ел біледі Қызыр пайғамбар ораза айында Алланың әмірімен мұсылмандарға көрінеді. Сол кезде Алла пендесінің ауызына не салса, оның тағдыры солай қарай өзгермек. Бұның барлығы Алланың қалауымен болады да, Қызыр тек куәгер, сүйіншілеуші, жеткізуші болады мыс. Бірақ бұл оразаның соңғы он күндігінде келетін қадір түніне байланысты емес Наурыз күні жерге түсетін Қыдыр атада емес. Бұл үш ұғым үш түрлі қалыптасқан халық аңызында. Тек соның біреуі ғана, қадір түні ғана нақты дәлелдермен бекітілген. Бұған қатысты хадистер бар.
Қадір түні — Рамазан айының ішіндегі, Құран кәрімде мадақталған ең қадірлі түн болып табылады. Рамазан айы – Құран түскен ай. Оразаның қадірі қасиеті Қадір түні болса, Қадір түнінің қадірі – ол қасиетті Құран. Қадір түні Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні. Қадір түні тек осы үмбетке тиесілі. Басқа пайғамбарларға мұндай ізгілікті түн берілмеді. Хадис шәрифте: «Алла Тағала Қадір түнін үмбетіме сыйлады, басқа үмбетке бермеді» делінген (Дәйләми).
Қызыр — Қызыр пайғамбар (арабша: Әл-Хидр) — ислам дәстүрінде ерекше білім берілген құпиялы тұлға ретінде танымал. Ол кейде пайғамбар, кейде әулие деп сипатталады. Тірі төрт пайғамбардың бірі.
Қыдыр ата – Наурыздың кейіпкері. Қыдыр ата — қазақ және түркі халықтарының наным-сенімінде кездесетін қасиетті, киелі тұлға. Ол адамдарға жақсылық әкелетін, береке-ырыс дарытатын, жолы болмағандарға көмектесетін әулие бейнесі ретінде сипатталады.
Негізгі түсінік. Қыдыр ата — бақ-береке, молшылық пен жақсылықтың символы. Халық сенімі бойынша, ол жер бетінде кезіп жүріп, адал, қонақжай, мейірімді адамдарға бата береді. Кей аңыздарда ол жолаушы немесе кедей адам кейпінде келеді, сондықтан қазақтар әр келген қонақты құрметтеп қарсы алған. Қыдыр ата мен Қызыр пайғамбар бір адам дейтін де нұсқа бар.
Көпшілік қауым арасында «Қыдыр Ата» мен «Қадір түнін» шатастырып жататындар жиі кездеседі. Алайда Қыдыр Ата мен Қадір түні екеуі екі бөлек нәрсе.

Көп адамдар «Қасиетті Қадір түнінде Қыдыр ата келеді» – деп жатады. Ал расында ол қате пікір. Бұл түнде Қыдыр баба елді аралап жүреді екен. Бұл түнде әрбір үйді жасыл шапан жамылып, қолына таяғын ұстаған ақ сақалды, аппақ киінген Қыдыр ата аралап жүреді-мыс. Оны таң атқанша күту керек. Қарт кісі үйлерге кіріп сыйлық таратып кетеді екен» деген қате пікірлерді ақиқат деп ұғатын адамдар да бар. Қыдыр ата – Наурыздың кейіпкері. Бәлки Наурыз ата болуы да мүмкін дейтіндер де бар. Ал, Қызыр одан бөлек, тірі төрт пайғамбардың бірі. Тұрмағамбет Ізтілеуовтың шәкірті Әлиакбар Жұмабаев бұл жайында жүз сауал деген дастанында:
-Дүнияда төрт пайғамбар
қалды тірі,
Қыдыр, Иса, Ілияс соның бірі.
Ідіріс Исаменен көк жүзінде,
Бөлеген айналасын
Қақтың нұры.

Қызырдың қызметі
жол бағады
Жол болар Қызыр баба
қолдағаны.
Қақпайлап қараңғыға
итермелейт,
Кез келсе кәсіпқордың
оңбағаны.
Ілияс суда кеме болса ғаріп,
Әрқашан қол береді
соған барып.
Құданың құдіретімен сүйген
құлы
Оларға күндіз түні бірдей
жарық,
— деп жырлайды. Бұл дастан небір ахундар мен доммоллалардың алдынан өтіп, оң бағасын алған. Сонда сол кездегі дін ілімгерлері неге мұны тоқтатып тастамады. «Хиссасул әмибия» кітабында «Мәуіт суын (мәңгілік су)” ішті деген риуаят бар. Кейбір ислам аңыздарында Қызыр пайғамбар мәңгілік өмір суын ішкен, сондықтан қияметке дейін өмір сүреді деп айтылады. Сонымен қатар Қызырға Әзірейіл періште келіп Алла аманат жаныңды берсін деп жатыр дегенде Қызыр ұзақ жылады дейді, Сонда не үшін жылап жатқанын сұрайды періште. Қызыр «Мен жанымды қимай жылап жатқан жоқпын, Аллаға деген зікірімнің тоқтайтынын ойлап жылап жатырмын» деген екен. Сол кезде Алла Әзірейілге әмір беріп, оның мәңгі тірі қалдырыпты мыс. Бірақ бұл Құранда емес, көбіне халықтық риуаяттарда кездеседі. Сондықтан қазіргі дін адамдары бұл хисса ғой деп самарқау қарайды ма. Дегенмен Қызыр (Хидр) Алланың пайғамбарларының бірі болғаны ақиқат. Құранда «Кәһф» сүресінде ол кісінің Мұса пайғамбармен (оған Алланың сәлемі болсын) арасындағы оқиға айтылады. Ол былай.
Бірде Аллаһ тағала Мұса пайғамбарға (а.с.) екі теңіздің қосылған жерінде ерекше білім қонған бір құлының өмір сүретінін білдірді. Мұса пайғамбар (а.с.) ол кісімен жүздескісі келетінін білдіргенде, «Дорбаңа тұздалған балық сал да, терістікті бетке алып жүре бер. Ұзақ жүргеннен кейін дорбаңдағы балыққа жан бітіп, көзден ғайып болады. Сол жерге аялда. Екі теңіздің қосылған жері сол арада. Іздегеніңді сол жерден табасың» деген уахи түсті. Хазірет Мұса (а.с.) айтылғандарды екі етпей, дереу жолға шықты. Көп жүріп бір теңіздің жағасына жетті. Сәл аялдап, көз шырымын алмақ болды. Оянса, дорбасы босап қалған екен. Дорбасындағы тұздалған балыққа жан бітіп, теңізге жүзіп кетіпті. Ал, анадай жерде біреу теңізге қарап отыр екен. Мұса (а.с.) іштей екі теңіздің қосылған жерінде мекендейтін ілім иесі, сірә, сол болса керек деп топшылады. Анығында, ол Қызыр (а.с.) еді. Барып сәлем беріп, өтінішін білдірді:
– Мен Мұсамын, сізге ілім үйренуге келдім. Біршама уақыт жолдас болуға рұқсат етсеңіз? – дейді.
– Менімен жолдас болуға шыдамың жетпес, – дейді бейтаныс.
– Қолымнан келгенше сабырлы болуға уәде беремін, – деп тағы да өтінген соң,
– Олай болса, менен ештеңе сұрама. Сонда ғана екеуміз жолдас бола аламыз, – деген жауап алады.
Мұса (а.с.) ризашылығын білдірді. Екеуі жолға шықты. Ұзақ жүргеннен кейін бір кемеге мінді. Кеме иесі Қызырды танығандықтан, ақы алмады. Біраз жүргеннен кейін Қызыр (а.с.) қолына ара алып кеменің қоймасына түсті. Арамен кеменің тақтайларын аралай бастады. Аздан соң су жиналып, кеме бір қырына қисайып қалды. Бұны көргенде Мұса (а.с.) шыдамай:
– Бұныңыз не? Еш ақы сұрамаған кісілердің кемесіне қастандық жасағаныңыз қалай? – деді.
– Әлгіндегі уәдең қайда?
Мұса ( а.с.) дереу кешірім сұрады. Шынында да ол уәдесін ұмытып кеткен екен. Осы кезде олардың көз алдында кішкентай бір құс келіп, теңізге тұмсығын батырып су ішті де, қайтадан ұшып кетті.
Бұны көргенде Қызыр (а.с.) Мұса пайғамбарға қарап:
– Аллаһтың ілімінің жанында біздің білгеніміз жаңағы құстың тұмсығына жұққан судай ғана, – дейді.
Ұзақ жүріп кемемен жағаға жетеді. Екеуі ары қарай сапарын жалғастырады. Бір уақытта алдарынан бір топ ойын баласы кездеседі. Қызыр ойланып жатпастан әлгі балалардың біреуін өлтіріп тастады. Бұл жолы Мұса (а.с.) тағы ашуланды:
– Баланы жазықсыздан-жазықсыз неге өлтірдіңіз?
– Жол бойы менен ештеңе сұрамауды ескертпеп пе едім?
– Онда кешірім өтінем, соңғы рет тағы рұқсат етіңіз, – дейді Мұса (а.с.)
Екеуі тағы жүріп кетті. Жүре-жүре бір ауылдың үстінен түседі. Бірақ жолаушыларды жан баласы қонақ қылмайды, не тамақ бермейді. Екеуі шарасыз кетіп бара жатқанда, құлағалы тұрған бір қабырғаны көреді. Қызыр (а.с.) қораны түзетіп, қалпына келтіріп қояды. Мұса (а.с.):
– Бұл ауылдағылар бізді не қонақ етпеді, не үйлеріне қондырмады, ал сіз танымайтын біреудің қорасын жөндедіңіз, – деп ренжиді.
Бұны естігенде Қызыр уағдасын орындамағаны үшін Мұсамен осы жерден қош айтысатынын білдірді. Сөйтті де оған түсініксіз көрінген істердің мәнісін былай түсіндірді:
«Әуелі, кеменің тақтайларын кесіп, кемені сәл қисайтып қою арқылы кедей-кепшіктің жағдайын ойладым. Себебі ол атырапта ашық теңізге шығып кеме тонайтын қарақшылар бар еді. Олар бүтін кемеге ғана тиісетін. Баланы өлтіру себебім, оның әке-шешесі өте жақсы кісілер еді. Ал бала бұзақы боп өсіп келе жатты. Кейін өскенде кәрі ата-анасына күн көрсетпейтін қаныпезер болмақ еді. Аллаһ тағала әлгі ата-ананы аяғандықтан, баланы менің өлтіргенімді қалады. Бұзылған қораны жөндегенім, ол негізі екі жетім баланікі еді. Қабырғаның астында балаларға тиесілі қазына болатын. Қабырға құласа, қазынаны жұрт талап кететіндіктен, Раббым екі жетімнің мирасын өздеріне сақтағысы келді. Мен екі бала ер жеткенше ашылмайтындай етіп қазынаны көміп кеттім. Әй, Мұса, бұның бәрін мен істегенмен, анығында бір Аллаһтың әмірімен жүзеге асты», – деп түсіндірді.
Демек Алла өзі жақсы көрген құлына Қызырды ақылшы, кеңесші етіп жібере алады ғой. Алла олай істей алмайтындай әлсіз, нашар емес, бол десе болады. Сондықтан ерекше құлдарына көрінеді десек қате бола ма, әлде Алланың құдіретін шектеген боламыз ба? Тағы бір әпсадады Алланың құдіреті былай баяндалады.
Бір күні Алланың әмірімен Қызыр адамдар арасына жіберіліп, таруых намазына қатысатын болады. Мешітте адам көп, ығы жығы. Бір кезде уағыз басталып кетеді. Қызыр адам кейпінде елдің ішінде отыра береді. Сөйтсе қасындағы адам уағыз тыңдаудың орнына қалғып ұйықтап отырады. Оған жаны ашыған пайғамбар:
-Әй, мұсылман, ұйықтағанша уағыз тыңдасаңшы. Өткізіп аласың ғой,-дейді. Сонда әлгі қалғып отырған адам:
-Қойшы, мазалама,-деп қайта қалғып кетеді. Сәлден соң тағыда:
-Ау, оянсаңшы, ұйқыға уақыт көп, уағыз тыңда,-дейді Қызыр. Әлгі адам тағы да:-мазалама,-дейді. Сәлден соң Қызыр тағы да:
-Тұр деймін енді, уағызды өткізіп алып жатсың,-деп ілім алуына, сауап жинауына себепкер болмақ болады. Сонда әлгі адам Қызырдың құлағына:
-Қой деген соң қойсай, қоймасаң сенің Қызыр екеніңді мына жұртқа айқайлап жариялап жіберем. Сонда көресің тәбәрік деп ел сақалыңнан бір талдап жұлады,-депті де қайта қалғып ұйықтап кетіпті. Қызыр Алланың бұл құдіретіне таңғалып:
-Иә, Алла бұн не қиқмет. Мені көрген адам есінен тана жаздап, бар арманын айтатын еді. Оның үстіне өзің берген тізімде бұл адам жоқ. Алла мен секілді құлыңа сырын ашқан дейді. Сонда құдіретті Алла:
-Иә, сенің қолыңдағы тізімдегілер мені жақсы көретіндер. Ал, мен әлгі құлды жақсы көремін,-деп жауап беріпті дейді. Бұл хисса ел ішінде кеңінен тараған. Егер бұл жалған болса уақытындағы ғұламалар неге тоқтатып тастамаған. Әлде жер жүзінде ақіретке дейін 124 мың әулие болады. Жер жүзі солардың ғана құрметі үшін жасайды. Олардың жартысы өздерінің әулие екенін білмейді, елде білмейді. Бірақ олардың айтқан дұғалары қабыл болады деген әпсана бойынша қалыптасқан оқиға ма бұл.
Бүгінде Қыдырды көргендер жайлы аңыз-әңгімелер халық арасында жиі айтылып тұрады. Соның бірі – Жанқожа Нұрмахаммедұлы тұсында төрелік еткен Құттыбай Ақболұлының Қыдырды үш рет көргендігі кітап беттерінде жазылған. Ал Қазалы қаласының тұрғыны Игенбай ақсақалдың айтуынша, нағашы жағындағы атасы Қыдыр көрген. Оның қарамағында 20-30 қараша үй болса, 150-ден аса адам қол астында қызмет еткен. Мың түйе ұстаған Махамбет атасы бес уақыт намазын қаза етпейтін иман жүзді кісі болған. Жанынан қара құманын тастамайтын ол келешекте болатын жайттарды болжай білетін қасиетке ие екен. Бір күні қара құманындағы су айрандай ұйып қалған көрінеді. Сол суды немерелерінің алақанына құйып ішкізген деседі. Бірақ қандай себеппен атасының олай жасағанын сол кезде тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз Ғани (Игенбайдың анасы) түсінбепті. Бәлкім ол түс көріп, аян алған шығар деп шешесі өз әңгімесінде естелігімен бөліскен.
– Халық ауыз әдебиетінде «Қыдыр дарысын, бақ қонсын!» деп бата береді. Қыдыр көрген адамның малына, итіне немесе жансыз заттарға дариды. Біреудің маңдайына, енді бірінің таңдайына берілетін сый. Байлық ұшпалы, әкенің малы қызға тұрақтамайды. Шешем Ғани ұзатылғанда атасынан қалған түйеден біраз бас бұйырған. Соның арасындағы бір нарды өле-өлгенше тимей, жерге көмгендіктерін анам айтып отыратын. Себебі сол жануарға Қыдыр дарыған дейтін. Кейін Кеңес үкіметі орнап, бай-шонжарды қудалау басталғанда қолында бар түйелерді тартып алғандықтан кедейлер қатарына қосылыпты. Үлкендер Қыдырды ақ сақалды, ақ киімді деп суреттейді. Оны түсінде көреді немесе жарқ еткен жұлдыздай байқайды. Мұндай кезге тап болсаң айтылған тілегің қабыл болады. Отаралы әкем де осындай сәтті көріп, балаларым аман болсын деп бата еткен, – дейді ақсақал.
Бұл сынды әңгімелер ел ішінде өте көп. Сонымен қатар бұл тек қазақ арасында емес, қырғыз, өзбек ағайындардың ішінде де әлқиссаланады. Тіпті, Парсы, Мысыр халқы мен Араб халқында да кездесіп жатады. Демек бұл иісі мұсылманға ортақ оқиға. Көп аңыз бір жерге келіп түйіскенде ақиқатқа жақындайды демей ме.
Қадір түні Қызыр келе ме дегенге біздің муфтиат «Қадір» деген сөз – «ұлы және орасан зор» деген мағынаны береді. Яғни, Қадір түні ұлы және орасан зор болған аса құнды түн деген сөз. Ұлы және орасан зор болатын себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құран-Кәрімде: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» («Қадір», 3) деп баяндалады. Рамазан айы келгенде пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады» (Ибн Мәжә, Сиам 1634), – деп жақсылыққа ұмтылуға шақырған. Сол үшін Қадір түні Қыдыр ата келеді деп дастархан жайып, есік-терезелерді ашып қойып, ыдыстарға су толтырудың керегі жоқ. Қадір түні аспаннан періштелер түсетіні сөзсіз. Бірақ олар суға, тағы басқа нәрселерге мұқтаж емес. Өйткені олар ішпейді де, жемейді де. Ал Қыдыр атаға қатысты айтатын болсақ, қасиетті Қадір түнімен Қыдыр атаның бір-бірімен мүлдем қатысы жоқ, екеуі екі басқа ұғымды білдіреді. Қыдыр ата – бізге, яғни қазақ даласы мұсылман діні келмей тұрғандағы түсінік. Қазақ халқы Ұлыс күнді «жыл басы» санайды. Бұл күн – аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» деп атаған. Мифологиялық түсінік бойынша, 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қыдыр түні» деп аталаған. Әр үйге кіріп шығады деген түсінік бар, сондықтан бұл күні есікті ашып қойып отырған. Ал Қадір түніне келетін болсақ, бұл Ислам, яғни мұсылмандардың түсінігі бойынша Алла Тағаланың қасиетті кітабы – Құран Кәрімнің алғашқы аяттары түскен қасиетті түн. Алла Тағала Қадір түнін берекелі етті, сол түнде Құранды түсіріп, басқа түндерден ерекшеледі. Ол туралы «Әл-Қадр» сүресінде: «Ақиқатында, Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Періштелер және Рух (Жәбірейіл) онда (бұл түні) өздерінің Раббысының рұқсатымен барлық істермен түседі. Періштелер аса ұлы Алланың әмірі бойынша, Оның сол жылға бекіткен барлық істермен түседі (1-5 аяттар). Ол – таң рауандағанға дейінгі сәлам (амандық) түні. «Сәлам» сөзі – қауіпсіздік, амандық, бейбіт, тыныштық деген мағынаны қамтыған. Бұл түн таң атқанға дейін қауіпсіз түн. Қадір түні мың айдан қайырлы. Бұл түнде жасалған құлшылықтар, ізгі амалдар – ішінде осы түн болмаған мың айда жасаған амалдан жақсы. Алла Тағала сыйлаған бұл мүмкіндік адам санасын таң қалдырып, жүректі тамсандырады», – делінген деп түсінік береді.
Біз бұдан не ұғамыз. Қыдыр ата, Қызыр пайғамбар және Қадір түні үшеуі үш бөлек екенін түсінеміз. Тек түсінбейтініміз Қызыр пайғамбар жерге түсіріліп, Алла көрсеткен құлына сүйеншілеуші ретінде көрінеді дегенге қазіргі дін иелері неге самарқау қарайды.

Сәкен Алдашбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *